10 тамыз күні Абай даңғылында «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің қолдауымен, «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің ұйымдастыруымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби алаң ұйымдастырылды.
Әдеби алаңның басты мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Шара аясында «Шабыт алаңы» келушілерге мазмұнды әрі танымдық бағдарламасын ұсынды. Алаңда жастар арасында Абайдың қара сөздері негізінде «Қара сөздің құдіреті – ұлт рухының биігі» атты зияткерлік ойын өткізілді. Сонымен қатар «Абай даналығы» жобасы аясында жасанды интеллект көмегімен ақынның қара сөздері заманауи LED-экран арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
Келушілер Абайдың «Жидебай – Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының фотокөрмесімен танысып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды мәліметтер алды. Ұлттық мұраны дәріптеу мақсатында «Қуат алып Абайдың оң ісінен» тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық ойынға қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, интерактивті QR-маршрут арқылы Абай шығармалары бірнеше тілде ұсынылып, оқырмандар цифрлық форматта ақын мұрасымен танысуға мүмкіндік алды. Ал «Иллюстрация әлемі» шығармашылық алаңында балалар мен жасөспірімдер Абай шығармалары бойынша сурет салып, туындыларын қорғап, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.