20 қазан күні М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханада Қазақстан Республикасы күніне орай «Көк байрақты құт мекенім» атты патриоттық кеш өтті.
Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Күзет қызметін бақылау комитетінің Ақтөбе облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының мамандары мен мекеме ардагерлері қатысты. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Мұқанов Мұрат Қайыргелдинович құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады. Өз сөзінде ел тәуелсіздігінің маңызын атап өтіп, Отанға адал қызмет ету мен ел тыныштығын сақтаудың жауапкершілігіне тоқталды.
Шара барысында кітапхана маманы «Республикам – тұғырым» атты кітап көрмесін таныстырды. Көрмеге еліміздің тарихын, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттілікті дәріптейтін әдебиеттер қойылды. Сонымен қатар кітапханашы Республика күніне арналған баяндама оқып, мерекенің тарихи мәні мен маңызын кеңінен баяндады. Еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи белестеріне, егемендіктің қадіріне және ел болашағы үшін бірліктің маңыздылығына тоқталды. Патриоттық кеште «Қазағым» әні орындалды. Ән арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух пен қазақ халқына деген мақтаныш сезімі көрініс тапты.