28 қаңтар күні М.Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханада композитор, өнер зерттеуші Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай «Ғасырлар пернесі – ғибрат ғұмыр» атты оқырман конференциясы өтті.
Шараның мақсаты – қазақ музыка мәдениетінің көрнекті өкілі, ұлт руханиятының шамшырағы Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа оның ғылыми-зерттеушілік еңбегі мен өнердегі мол мұрасын таныту.
«Ахмет Жұбанов – қазақ музыка ғылымының негізін қалаушы» атты ақпарат тыңдалып, «Ұлт руханиятындағы Жұбанов мұрасы» тақырыбында кітап көрмесі таныстырылып, «Ғалым еңбектерінің бүгінгі маңызы» атты бейнеролик көрсетілді.
Конференцияға арнайы Ембі қаласынан шақырылған Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры А.Жәнібекова Ахмет Жұбановтың қолтаңбасы бар кітаптарын, ұстаған папкасын, нота жинағын және сахнада киген фрагын көпшілік назарына ұсынып арнайы көрмемен таныстырды. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Аманжол Дүйсенұлы тұлғаның өмір жолы, шығармашылық мұрасы және қазақ музыка ғылымындағы орны туралы мазмұнды ой-пікірмен бөлісті. Шара ұлт өнерінің асыл қазынасын ұлықтаған, ұлы композитордың өнегелі ғұмырын кейінгі буынға үлгі еткен тағылымды рухани кездесу болды.

