3 қазан күні Құрашасай тұрғын үй алабындағы №11 модельді кітапхананың құрылғанына 10 жыл толуына орай «Даналық мекені - кітапхана» атты мерекелік кеш өткізілді.
Мерекемен құттықтауға қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері, серіктестер, тұрақты оқырмандар келді. Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Салиева Гүлнар, белсенді оқырман, ардагер мұғалім Зейнуллина Күләш, №77 орта мектеп директорының орынбасары Ерболат Сейтенов, №58 орта мектеп кітапханасының меңгерушісі Шамсонова Сағыныш, азаматтық қорғау академиясының оқу орталығының аға оқытушысы М.Ғабдуллина ҚР ТЖМ азаматтық қорғау аға лейтенанты Қыдырбаев Сәулет құттықтай отырып жылы лебізін айтып сыйлықтар табыстады. Даналық пен кітап мекені Құрашасай рухани орталығын №77 және №58 мектеп оқушылары, әжелер ансамблі, №77 мектеп музыка мұғалімі Кибашева Құралай концерттік нөмірлерімен құттықтауға келді. Іс-шараның ерекше безендірілуі №77 орта мектептің «Бегім-ай» би тобының «Құстар биі» болды. Кітапхананың үздік оқырманы Зейнуллина Күләш өзі ғана емес, барлық отбасымен кітапханаға жиі келіп көркем әдебиет оқиды. Күләш Қалдығұлқызы кітапханадағы іс-шаралардың жастарға үлгі болып, олардың оқуға деген қызығушылығын оятатындығын айтып өтті. Қазақ халқының рухани мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде үлкендердің, әсіресе құрметті әжелердің орны ерекше болды. Шара мерекелік дастарханмен аяқталды.









